Кафедра меңгерушісі
п.ғ.д., проф. Р.Ә. Шаханова

Магистратура және докторантура PhD институтының филология мамандықтары кафедрасы 2011-2012 оқу жылында университет ректоры, академик Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің тікелей ұсынысымен құрылды. Кафедра меңгерушісі – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Р.Ә. Шаханова. Филология мамандықтар кафедрасы тіл білімі ғылымының жаңа бағытта дамуына, оқытудың жаңа технологияларының оқу беру үдерісіне белсенді және сапалы енгізілуіне ерекше назар аударады.

Сонымен қатар кафедраның шетелдік ғалымдарымен байланыстары әрқашанда назарда.

2011-2012 оқу жылында білім алушылар саны жалпы алғанда 96 магистрант, 5 докторант болатын. Қазіргі кезде 2013-2014 оқу жылында білім алушылар қатары көбейді: магистранттар саны 307, докторанттар саны 31. Кафедраның ПОҚ (профессор-оқытушылар құрамы )құрамының жалпы саны 41, оның ішінде 21 ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы бар.

Кафедрада бірнеше секция жұмыс атқарады:

1. қазақ тілі мен әдебиеті (жетекшісі п.ғ.д., проф. Балтабаева Ж.С.); 2. орыс тілі мен әдебиеті (жетекшісі п.ғ.д., проф. Қондубаева М.Р.) 3. әдебиеттану (жетекшісі ф.ғд., проф. Бұзаубағарова Қ.С.); 4.аударма ісі (жетекшісі ф.ғ.д., проф. Жұмабекова А.Қ.); 5.шығыстану, түркітану (жетекшісі PhD докторы Батырхан Б.); 6.шет тілі: екі шет тілі (жетекшісі п.ғ.к., доц. Бекқожанова Г.К.).

Филология мамандықтары кафедрасының профессор-оқытушылары

Филология мамандықтары кафедрасында білім және ғылым саласында мемлекет пен үкімет тарапынан лайықты бағаланған оқытушы-профессорлар аянбай қызмет жасайды. Атап айтқанда, п.ғ.д., профессор Шаханова Р.Ә. – Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері (2013 ж.), профессор Л.Қ. Жаналина «ҚР ғылымын дамытудағы жетістігі үшін», «Қазақстан халық ағарту үздігі», «ҚР білім саласы үздігі» медальдарымен және «ЖОО жетекші ғалымы мен оқытушысы»(2005ж.) атағымен марапаталған. Сондай-ақ профессор Г.С. Қосымова «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР Білім беру ісінің үздігі» және «ҚР Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» (2006 ж.), «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің үздік ұстазы» (2013 ж.) атақтарына ие. Кафедра профессорлары М.Ш. Мұсатаева (2005 ж., 2012 ж.), Л.В.Сафронова (2007 ж., 2011 ж.), Б.Х. Хасанұлы (2005 ж.), Л.Т.Килевая (2005 ж.), А.А. Шыңғысова (2009 ж.), Ж.К.Балтабаева (2014 ж.) «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» атағын алған.

Кафедраның ғалымдары Франциядан келген қонақпен бірге

Филология мамандықтары кафедрасының профессор-оқытушылары кәсіби біліктілігін көтеруге үнемі мән береді, шетелдік жоғары оқу орындарына барып, тағлымдамадан өтеді, халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, Қазақстан ғылымы мен білімін әлемге танытуға еңбектенеді. Кафедра шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен, соның ішінде Польша, Үндістан, Испания, Венгрия, Германия, Түркия, Америка, Иран, Қытай және Араб елінің белгілі университеттерімен тығыз қарым-қатынаста болып, біршама тәжірибе алмасу істеріне, докторанттардың ғылыми кеңесшілерін таңдауда келісім-шартқа отырған. Магистранттар мен PhD докторлардың ғылыми жұмыстарының нәтижелері кафедра ғалым-филологтарының шет елдің және отандық әріптестермен халықаралық, республикалық ғылыми орталықтармен байланыста болуы және ғылыми жобарларға қатысуынан, шет елдердегі басылымдарға мақалалар жариялауынан көрінеді. Кафедраның профессор – оқытушыларының жақын және алыс шет елдерде дәріс оқуы, шет елдерден атақты ғалымдарды шақыртып мастер-класс өткізуі, сонымен қатар ПОҚұрамының шет елдерде ғылыми тәжірибеден өтуі, шетелдерде халықаралық ғылыми конгреске, симпозиумға, конференцияларға белсенді қатысуы кафедраның шетелдермен қарым-қатынасын күшейте түсті.


Кафедра қызметкерлері



Кафедраның профессор-оқытушылары 2013 ж. кафедра бойынша 9 монография, 36 оқу және әдістемелік құрал баспадан шығарды, 13 импакт-факторлы басылымда мақала жариялады.

Кафедра ғалымдары Л.Т. Килевая, Л. В. Сафронова, Г.С. Қосымова және Г.К. Бекқожанова, Батырхан Б.Ш. магистранттардың қос дипломдық білім алуы мен ғылыми тәжірибеден өтуін (Венгрия, Түркия, Қытай, Польшада) ұйымдастырды.

Оқу жылы барысында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша (жауапты Г.С. Қосымова) жетекші шетелдік жоғары оқу орындары Америка, Испания, Польша, Ресей, Башқұртстан, Қытай және Түркиядан шақыртылған лекторлар дәріс оқыды. Атап айтқанда, 2013 ж. Ньдя Ивона Анна (Вармин-Мазур университеті, Польша), Вольф Шмид (Гамбург университеті, Германия), Хулиа Касапоглу Генгел (Гази университеті, Түркия), Джоу Шишинг (Хубэй технологиялық университеті, Қытай), Волкан Джошкун (Муғла, Сыткы Кочман университеті, Түркия), Али Акар (Муғла Сыткы Кочман университеті, Түркия), Мехмет Олмез (Йулдуз техникалық университеті, Түркия) және т.б.

Кафедра меңгерушісі п.ғ.д., профессор Р.Ә. Шаханова және кафедра профессор-оқытушылары

Елбасы Н.Ә. Назарбаев 17 қаңтар 2014 ж. Қазақстан халқына арналған Жолдауында: ««Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол». Кафедраның білікті профессор-оқытушылары да болашақ мамандардың білімін шыңдауда көп жұмыстар атқаруда. Кафедраның ғалымдары «Тіл білімі мен әдебиеттің өзекті мәселелері», «Шумерология және түркология», «Ғылым мен білім берудің жаңа технологиялары», «Лингвистиканың әдіснамасы мен әдістемесі», «Қолданбалы тіл білімі», «Қазақ және шығыс әдеби байланыстары», «Аударма ісі мәселелері», сондай-ақ, «Психолингвистика», «Когнитивтік лингвистика», «Әлеуметтік лингвистика», «Лигвофилософия», «Прагмалингвистика», «Тіл экологиясы», «Гендерлік лингвистика» сияқты жаңа бағыттарда іргелі зерттеулер жүргізіп, магистранттар мен докторанттар дайындайды. Мұның бәрі кафедраның Магистратура және PhD докторантура институтының білім беру кеңістігінде өзіндік имиджін көрсетеді.

Университетте үнемі өткізілетін халықаралық, республикалық және жоғары оқу орындары аралық конференциялар, дөңгелек үстелдер, мастер-кластар тіл білімінің өзекті мәселелеріне арналады; қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті теориясы мен олардың қолданбалы аспектілері Қазақстан ғалымдары шұғылданып жүрген лингвистикалық және әдебиеттану бағыттарын қамтиды, сонымен қатар профессор-оқытушылардың ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жобалық жұмыстарына қатысуын, олардың үздіксіз ғылыми жұмыспен айналысатынын айтуға болады [Қосымша-3].

Орыс тілі мен әдебиеті секциясының ғалымдары

Білім беру саласындағы сабақтастық кафедра профессор-оқытушы құрамының мектеп оқулықтарының авторлары болумен жүзеге асырылуда. Проф. Шаханова Р.Ә. орыс мектептеріне арналған «Қазақ тілі» электронды оқулықтың, проф.Қосымова Г. қазақ мектептеріне арналған «Қазақ тілі» оқулықтарының, доц. Б.Т. Қабатай «Әдебиеттік оқу» оқулықтарының, профессорлар Жаналина Л.К., Килевая Л.Т., Қондыбаева М.Р. орыс тілінің, проф..В.В.Савельева, проф.Л.В.Сафронова, доц. Лукпанова Г.Г. орыс әдебиеті пәнінің авторлары. Филология мамандықтары кафедрасы іргелі теориялық және методологиялық дайындығы терең, білікті, жоғары кәсіби білімді, ғылыми зерттеу – ұстанымдарын меңгерген, қазіргі заман талаптарына жауап беретін білім-ғылым ісін ұйымдастыруға және жүргізуге қабілетті мамандар дайындау міндетін жүзеге асырады.

Филология мамандықтары кафедрасы бойынша дайындық жүргізетін мамандықтар тізімі:

Мамандықтардың атауы

Магистратурада:

  • 6М011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті;
  • 6М011800 - Орыс тілі мен әдебиеті;
  • 6М012100 - Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті;
  • 6М012200 - Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті;
  • 6М020500 - Филология;
  • 6М020700 -Аударма ісі;
  • 6М020900-Шығыстану;
  • 6М011900 – Шет тілі: екі шет тілі;
  • 6М021200-Түркітану;
  • 6М 021300 - Лингвистика;
  • 6М021400-Әдебиеттану

Докторантурада:

  • 6D011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті;
  • 6D011800 - Орыс тілі мен әдебиеті;
  • 6D012100 - Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті;
  • 6D 012200 - Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті;
  • 6D020500 - Филология;
  • 6D021300 - Лингвистика;
  • 6D021400 - Әдебиеттану