Институт туралы пікірлер

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің магистратура және докторантура институтында желтоқсан айының 1-і мен 8-і аралығында докторанттар мен магистранттарға дәріс оқуға және докторантыма ғылыми кеңес беруге келдім

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің магистратура және докторантура институтында желтоқсан айының 1-і мен 8-і аралығында докторанттар мен магистранттарға дәріс оқуға және докторантыма ғылыми кеңес беруге келдім. Бізді келген күннен бастап институт әкімшілігі қазақ халқының ежелгі қонақжай салтына сай жылы шыраймен қабылдап, үлкен құрмет көрсетті. Институт дәріс оқуға қажетті қазіргі заманға сай құрал – жабдықтармен қамтылған аудиторияларда сабақ жүргізуімізге мүмкіндік туғызды. Филология мамандықтары кафедрасының ғалым-ұстаздары да түркология мәселелерінен қалыс қалмай, өз ой-пікірлерін ортаға салып, дәріс-сабақтарымыз қызу талқылау түрінде өтті.Бұл университетте докторанттар мен магистранттардың да белсенділігі өте жоғары екен. Олардың түркі тілдес халықтардың тарихын, тілін, айырмашылығын, ұқсастығын білуге деген құштарлықтары бізді қатты қуантты. Институт директоры Г.Б. Нұрлихинаның, кафедра меңгерушісі Р.Ә.Шаханованың жаңашылдығы, әр түрлі жобалар ұсынудағы батылдығы қатты қызықтырды. Болашақта қазақ-түрік ғалымдары бірігіп, монография, ғылыми еңбектер, жобалар жасауды қолға алу туралы ұсыныстар жасалды. Сондай – ақ екі ел арасында магистранттар мен докторанттар, тіпті ұстаз ғалымдарды жіберіп, тәжірибе алмастырсақ жақсы болар еді. Осында, Қазақстанда болған күндерімізде осы университет туралы әдемі ой, жақсы әсер қалды бізде. Біз сияқты шет елдік ғалымдарды дәріс оқуға шақырып, білім көкжиегін кеңейтуге атсалысып жатқан университет басшылығына алғысымыз шексіз. Сіздерге әрдайым шығармашылық шыңынан көрініп, абыройларыңыздың асқақтай беруіне тілектеспіз!