Thu, 02-10-2014

«Ел тірегі - тіл» ғылыми-танымдық іс-шара

Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Магистратура және PhD докторантура институтының «Көптілді білім беру» кафедрасының профессоры Ж.Балтабаеваның жетекшілігімен магистранттар мен докторанттары ұйымдастырған Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері мерекесіне орай «Ел тірегі - тіл» атты ғылыми-танымдық іс-шара болып өтті.

Кеште кафедра меңгерушісі Шаханова Розалинда Әшірбайқызы сөз алып, тілдерге деген құрмет, ана тілінде білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, ұлттық мәдениетті дамыту Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

Еліміздегі үштұғырлы тіл саясатының жүргізілуіне сүбелі үлес қосып жүрген ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хасанұлы өз сөзінде Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы екендігін, өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін адам өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатындығын баса айтты.

Одан әрі кеш магистранттардың туған жер, туған тіл тақырыбындағы әндерімен және күйлерімен жалғасты.

Кештің қонағы ретінде келген эстрада әншісі Өктем Алтаев «Қазағым», «Арманыңа жет» әндерін орындап, институттың профессор-оқытушылары мен білім алушыларын тіл мерекесімен құттықтады. Университеттің 1және 4-курс студенттері Отар Еркебұлан, Тәжібаева Роза туған тілге деген құрметін өз жырларымен жеткізді. Қазақ тілі және әдебиеті мамандығының 2-курс магистранты Абшенова Береке М.Шахановтың«Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» атты өлеңін өз нақышына келтіре оқыды.